Әлеумет

Көкөніс пен баға

Қазір Ақтөбе қаласының базарларында қарбыз бен қауын көп. Маусымға қарағанда өнім бағасы біршама арзандаған. Сатушылар көкөністің бұл түрлерінің бағасы әлі де арзандайтындығын айтады. Сонымен қатар қазір бағасы қымбат саналатын баклажан мен болгар бұрышы арзандайтын күн жақын.

Көкөніс тасушылар мен сатушылар ерте піскен жемістер мен көкөністердің қауіпсіз екендігіне сендіреді. Дегенмен, мамандар мұндай өнімдерді аса сақтықпен пайдалану керектігін ескертеді.

41-разъездегі көтерме базарға барып, көкөністердің бағасын білген едік. Сонымен…

Көкөніс жеткізуші:

Тұтынушыларым көкөністі талап әкетеді

Гүлназия, көкөніс тасушы:

— Көкөністің барлық түрін әкелемін. Кейде Ташкенттен тасимын, көбіне Шымкенттен әкелемін. Сауда жақсы.

Оңтүстік өңірлерде көкөніс бағасы бізден әлдеқайда арзан. Бір қиыны, Ташкентте бұрынғыдай емес, тіркемесімен «КамАЗды» жалдау қымбаттап кетті. Күні кеше ғана  Өзбекстаннан «КамАЗды» 340 мың теңгеге жалдап, 27 тонна қызанақ әкелдім. Негізі біз, тасушылар, жүк көлігіне неғұрлым көп өнім тиегіміз келеді, бірақ, жүргізушілер келіспейді. Себебі, Ырғыздың жолы нашар. Жөнделіп жатқан жолмен «КамАЗдарды» жүргізбейді. Жүруге рұқсат алу үшін қосымша ақы төлеу керек. Сондықтан, көлік жүргізушілер нашар жолмен жүруге мәжбүр. Жолда 3-4 дөңгелек істен шығып, алмастыруға тура келеді. Сол себепті, Шымкентте Ақтөбеге қатынайтын «КамАЗ» табу қиын. Табылғаны, көп ақша сұрайды.

Шымкентте пияздың килограмы  — 45 теңге. Ал қарбыздың килограмын 7-10 теңгеден сатып алдым. Өнімді арзанға алғанмен шығыны да жетерлік.Осында келгенше, біраз, шамамен 2-3 тонна көкөніс ысырап болады. Келген соң жүк түсірушілерге 2000 теңгеден ақы төлейміз. Дегенмен, шүкір айтамыз. Пайда бар. Болмаса, босқа әуреге түспес едік.

Өнімнің көбін Шымкенттен әкелемін. Картоп, пияз, капуста, баклажан, болгар бұрышы — бәрі Оңтүстік Қазақстан облысында өсіріледі. Сарыағаш пен Қарабұлақтан әкеліп жатырмыз.

Бұдан 2-3 апта бұрын капустаны 65 теңгеден әкеліп, көтерме сатып алушыларға 100 теңгеден саттым. Қазір Шымкентте капустаның бағасы арзандады: келісі 45-55 теңге.

Ал Ташкенттен әкелген қызанақты теңгемен есептегенде, килограмын — 110 теңгеден сатып алдым. Осы 41-разъездегі сатушыларға 180 теңгеден тапсырып жатырмын. Ташкенттің қызанақтары Сарыағаштікімен салыстырғанда қымбат бағаланады. Сарыағаштың қызанағын (килограмм) 120-150 теңгеден тапсырамын.

Енді баклажан мен болгар бұрышының саудасы қызады. Сондықтан жақында Шымкентке жол жүремін.

Жалпы, көкөніс сатқаныма 12 жыл болды. Шымкентке ай сайын 4-5 рет барып келемін. Көкөніс өтпей қалады деп қорыққан емеспін. Тұтынушыларым көп. Олар өнімді талап әкетеді.

Көкөніс сатушылар:

Төрт мезгілде де табыс көп

Гүлбаршын, көкөніс сатушы:

— Көкөніс сатқаныма биыл — үшінші жыл. Көкөністің бәрін сатамын. Сауда жақсы. Жылдың қай мезгілінде де сауда болмай қалған емес. Әсіресе, күзде көп пайда түсіреміз.

Көтерме базар болғандықтан, тұтынушыларымыз өнімдерді көп алады. Тек қана Ақтөбе қаласындағы дүкендер емес, алыс-жақын аудандардан әкетушілер де жетерлік. Кәсіпкерлерден бөлек, жеке тұрғындар да осында келіп сауда жасағанды тиімді көреді.

Қазір қарбыз бен қауынға сұраныс көп. Қарбыздың килограмын 25-30 теңгеден сатып жатырмын. Пияз — 70-75, картоп — 65-70, капуста — 80, баклажан мен болгар бұрышы — 150 теңге тұрады.

Адамдар ерте піскен өнімге  аса сақтықпен қарайды. Қарбыздар маусымның басында әкелінгенімен, ол кезде алушылар аз болды. Бірақ қауіптенетін ешнәрсе жоқ.

Гүлдар, қарбыз сатушы:

— Шымкенттен қарбыз әкелгеніме 3 күн болды. 25 тонна әкеліп едім, аз қалды. Кешке дейін сатылатынына сенімдімін. Көкөністі өзім әкелген соң, қолжетімді бағамен сатамын. Қарбыздың килограмы — 23-25 теңге.

Қарбыздың саудасы басталғалы көкөністің бұл түрін екінші рет әкелдім. Бұйырса, күзге дейін қарбыз сатамын. Нағыз сауда енді қызады.

Әр көкөніс пен жемістің өтімді кезі бар. Мысалы, қыста алма, қызанақ, қияр сатамын. Көктем басталғанда өрік пен қызыл шиенің саудасы жүреді. Одан кейін шабдалы мен алқоры сатамын. Қазір қарбыз бен қауын алушылар көбейді. Күзде жүзімге сұраныс артады. Яғни, төрт мезгілде де сауда жақсы болады.

Дағдарыстың әсері байқалмайды. Шүкір, тұтынушыларым көп. Көбіне «Орталық базар» мен «Алтай» базарының сатушылары алады. Жаңа ғана 2 тонна қарбызды Байғанин ауданынан келген кәсіпкерге саттым.

Арзан өнім әкелгенмен, тым арзанға сата алмаймын. Себебі, шығынды ақтау керек. Шымкенттен«КамАЗ» жалдау үшін 220 мың теңге төледім.

Бахрам, қауын сатушы:

— Қауынды «Газельмен» Түркістаннан әкелгеніме екі күн болды. Бұл көлікке 3 тонна әңгелек сыяды. Түркістанда килограмын — 50 теңгеден сатып алдым. Мұнда100 теңгеден сатып жатырмын.

Атырау мен Оралға да апарып сатып көрдім. Бірақ аталған қалалар қашық болғандықтан, Ақтөбеде сауда жасағанды жөн деп шештім. Шүкір, сұраныс көп. Әңгелектер жақсы өтіп жатыр.

Еңбекақыға оқу құралдарын аламын

Асылбек, жүк түсіруші:

— Биыл мектеп бітірдім. Ойыл ауданынан келдім. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 70 ұпай жинадым. Ақтөбе политехникалық колледжіне құжаттарымды тапсырып қойдым. Сондағы мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылданатын бөлімге түсу үшін конкурсқа қатысамын.

Бүгін мұнда жұмыс жасап жатқаныма — бірінші күн. Негізінен, қарбызды түсіріп, тиеймін. Күн сайын еңбекақы үшін — 1500 теңгеден төленеді. Жалақыға киім-кешек пен оқу құралдарын сатып аламын.

Ерте піскен өнімнен сақ болыңыз

Жайдар  ҚҰРМАНОВ, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бөлім бастығы:

— Бүгінде қала дүкендері мен базарларында ерте піскен өнім көп. Сондықтан жеміс-жидектер мен көкөністерді абайлап  пайдаланған жөн.

Өнімдердің тез пісуі және оларға тауарлық рең беру үшін өнімдер нитрат қосындылары бар тыңайтқыштармен өңделеді. Ал бұл тыңайтқыштардың  көп мөлшерде болуы адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Тіпті улануы да мүмкін.  Нитраттардың көкөністерде  сақталуының себебі көп. Мысалы, күн сәулесінің жеткіліксіздігі де кері ықпал етеді. Сондай-ақ ауа температурасы, топырақ ылғалдылығының көп немесе жеткіліксіз болуы да нитраттарды көбейтеді.

Нитраттардың ең көп мөлшері (40-80 пайызға дейін) адам ағзасына жаңа піскен көкөністерден түсетіндігі анықталды. Олар асқазанда тез сіңіп, қанға түсіп, ағзаға тез таралады.

Адам ағзасының улануына  нитраттардан гөрі метаболитті нитриттер қауіптірек. Өйткені олар адам ағзасында оттекті тасымалдайтын гемоглобинді метгемоглобинге айналдырып, оттекті азайтады. Сонымен қатар, нитраттары көп жеміс-жидектерді үнемі пайдалану қатерлі ісіктердің (рак) пайда болуына, оның ішінде ас қорыту жүйесінің қатерлі ісігіне әкелуі де мүмкін.  Олар сондай-ақ орталық жүйке жүйесі мен жүрек қызметіне де кері әсер етеді.

Тағы бір ескеретін жайт, ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністерді тек қана арнайы дүкендер мен базарларда сатылған жағдайда тұтынғаныңыз дұрыс. Себебі ол нысандарды қадағалау органдары үнемі тексереді.

Денсаулыққа зиян келтірмеу үшін сатушыдан өнімнің қауіпсіздігін растайтын  анықтамасын талап еткен жөн. Ол құжатта сатушының аты-жөні, өнімнің зерттелген күні мен тағам қауіпсіздігі туралы қорытынды болады. Улану мен ішек ауруларының алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтауды ұмытпаған дұрыс.

Сонымен, дүкен мен базарда өнім көп. Бәрі тәтті, бәрі дәмді. Алайда «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген бар. Сондықтан, сақ болған жөн.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button